Олжас Орынбаев: «Өндірісте ұсақ-түйек деген болмайды»

Атырау облысында машина жасау саласына қажетті бекіту материалдарын өндіруге үлес қосып жүрген мамандардың бірі – Олжас Орынбаев. Ол 13 жылдан бері бұрандалы қосылыстар мен бекіту материалдарын өндіру саласында еңбек етіп келеді.

Бүгінде Олжас Орынбаев «Studbolt Manufacturing» ЖШС-де еңбек қауіпсіздігі менеджері болып жұмыс істейді. 2016 жылы құрылған кәсіпорын мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика және құрылыс салаларына қажетті бекіту материалдарын шығарады. Өнімдер ASME, British Standard, DIN, ГОСТ және басқа да стандарттар талаптарына сәйкес өндіріледі.

–Бізсіз машина құрастырушылар жұмыс істей алмайды деп айтуға болады. Себебі біздің өнімдер өндірістегі көптеген құрылымдар мен жабдықтарды біріктіруде маңызды рөл атқарады. Машина құрастыру саласына тікелей байланысты болмаса да, олармен бірге мерекені тойлап, бірлесіп жұмыс жасаймыз, – деді О. Орынбаев.

Маман Ташкент қаласында технология мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын «АтырауНефтеМаш» компаниясында бастап, онда үш жыл жұмыс істеген. Кейін «Studbolt Manufacturing» ЖШС-не келіп, өндіріс ерекшелігін меңгерген.

Оның айтуынша, бекіту материалдарын өндіру – жауапкершілігі жоғары жұмыс. Өнімнің сапасы мен беріктігін қамтамасыз ету үшін материалдар бірнеше кезеңнен өтеді. Мәселен, кейбір өнімдердің Атырау өңірінің климаттық жағдайына төзімділігін арттыру үшін арнайы пеште қыздырылып, кейін зертханада сынақтан өткізіледі.

– Біздің жұмысымызда жауапкершілік өте жоғары. Өйткені шығарылатын өнімнің сапасы көптеген өндірістік процестің қауіпсіздігіне әсер етеді. Әр материал бірнеше кезеңнен өтеді. Сондықтан бұл салада ұқыптылық пен кәсібилік қажет, – деді маман.

Былтыр Олжас Орынбаевтың еңбегі еленіп, оған Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Қазақстанның құрметті машина жасаушысы» төсбелгісі табысталды. Маман үшін бұл марапат кәсіби еңбегіне берілген үлкен баға болды.

Яндекс.Метрика