Өндірісті өңірдегі оң өзгерістер

Жуырда Мәслихат депутаттарының III республикалық форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикадағы біржақтылық пен тапшылықтың жылдар бойғы салдарын атап өтті. Алқалы жиында қазіргі ахуалдың Үкіметтің нақты мақсатты жұмысы арқасында біртіндеп өзгеріп келе жатқаны да айтылды. Президенттің сөзінше, өңдеу өнеркәсібінің дамуы соңғы екі жылда жыл сайын 6%-дан асып отыр, бұл аймақтардың экономикалық негізін нығайтуға мүмкіндік береді.

Осы оң өзгерістерді нақты сезінуге мүмкіндік беретін бір мысал – Атыраудағы «Studbolt Manufacturing» ЖШС. Бұл компания – Қазақстанда ASME стандарты бойынша шпилька, анкерлік болт, фланец шығаратын жалғыз кәсіпорын. Ал шетелдік компаниялардың тек америкалық стандартқа сай бөлшектермен жұмыс істейтіні белгілі. Отандық өнімнің қалай жасалатынына куә болып, қала шетіндегі цехқа арнайы барып қайттық.

«ASME» vs «ГОСТ»

Бізді өндіріс аймағында серіктестіктің бас директоры Сәкен Мұратов қарсы алды. Әңгіме барысында ол компанияның құрылу тарихы, бүгінгі жетістіктері мен саладағы өзекті мәселелер туралы айтып берді. Биыл кәсіпорын өз қызметінің он жылдық белесіне аяқ басқан екен.

Басшының айтуынша, Қазақстан мен Ресейдегі өндірістің басым бөлігі әлі күнге дейін ГОСТ стандартына сүйеніп жұмыс істейді. Ал елге инвестиция құйып отырған «Теңізшевройл», NCOC, KPО секілді ірі мұнай-газ жобаларындағы бірлескен компаниялар тек ASME (American Society of Mechanical Engineers) стандартына сай өнімдерді талап ететін көрінеді.

– Біз дәл осы талапқа бейімделген өндірісті жолға қойдық. Фланецтік қосылыстарға арналған болттар мен шпилькаларды, сондай-ақ құбыр желілерін жалғайтын фланецті халықаралық стандарт бойынша шығарамыз. Осы бағытта Қазақстандағы бірден-бір өндірушіміз, — дейді Сәкен Серікқалиұлы.

Кәсіпорынның жұмысы құбыр желілеріне арналған шпилькалар өндіруден басталыпты. Біртіндеп өндіріс ауқымы кеңейіп, бүгінде фланец шығару да қолға алынған. Қазір мұнда көміртекті және тот баспайтын болат түрлері, түрлі қоспалы және арнайы қорытпалардан өнім де шығады.

Сәкен Мұратов бізді кәсіпорын аумағымен таныстыра жүріп, өндірістің қалай жолға қойылғанын егжей-тегжейлі түсіндірді. Ғимараттың екінші қабатында кеңсе орналасса, бірінші қабатта дайын өнімдердің қойма-дүкені бар екен. Ал ғимаратқа іргелес өндірістік цех орналасқан.

– Бұл базаны өзіміз салдық. Бастапқыда тек шпилька шығардық. Қазір өнім түрі көбейді. Жылына 200 мыңнан астам бұйым өндіреміз. Оның ішінде сұраныстағы анкерлік болттар, фланецтер, шпилькалар бар, — дейді ол.

Шамамен 20-ға жуық маман еңбек ететін кәсіпорын отандық кадрларға басымдық береді екен. Мамандардың бірі Италияда арнайы оқудан өтіп, еуропалық құрылғылармен жұмыс істеу біліктілігін жетілдіріп келіпті. Қызметкерлердің бірқатары API (American Petroleum Institute) сертификатының иегері.

– Қазір дуальды оқыту жүйесі жақсы дамып келеді. Біз Доссор кентіндегі колледжбен ынтымақтастық орнаттық. Студенттер біздің зауытта өндірістік тәжірибеден өтеді. Жалпы кадр тапшылығы жоқ. Өйткені біз өз мамандарымызды үнемі оқытып, біліктілігін арттырып отырамыз. Жыл сайын технология жаңарады, сондықтан көштен қалмай білімді жетілдіру уақыт талабы ғой, — дейді зауыт басшысы.

Кәсіпорын сапа жағынан да жоғары көрсеткіштерге ие. 2020 жылы «Алтын сапа» байқауының жеңімпазы атанса, 2021 жылы ТМД елдері арасындағы беделді байқауда сапа номинациясы бойынша үздіктер қатарында болады.

Бас директордың айтуынша, «Studbolt Manufacturing» ЖШС «Қазақстан машина жасаушылары одағы» қауымдастығының құрамына кіреді. Бұл ұйым аталған саланы дамытып, кәсіпорындарға қолдау көрсетуге және мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнатуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізеді.

– Қауымдастық саланың дамуына серпін беретін маңызды бастамаларды көтеріп келеді. Біз де өз тарапымыздан ұсыныстарды жолдаймыз. Соның ішінде салықтық жүктемені оңтайландыру мәселесі де бар. Меніңше, мұндай ұйымдардың қолдауы өндірістің ілгерілеуіне зор ықпал етеді, — дейді С.Мұратов.

Айта кеткен жөн, күні кеше Саран қаласында машина жасау саласын дамыту мәселелері бойынша «дөңгелек үстел» өтті. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен кездесуде «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің (ЗТБ) Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев салалық заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сенат спикерінің тапсырмасына сәйкес дайындалған машина жасауды қолдау туралы заң жобасына енгізілетін ұсыныстар топтамасы қазір қаралып жатыр.

– Одақ ішкі елдік құндылықты арттыру, ірі бизнес санатына жатқызу критерийлерін түзету және кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету бойынша заңнамалық бастамаларды енгізіп отыр, — деді бас директор.

Дейтұрғанмен, өндірісте шешімін күткен түйткілдер де бар. Солардың бірі – шикізат табу. Қажетті металл Қазақстанда да, Ресейде де ASME стандарты бойынша өндіріле бермейді. Сондықтан кәсіпорын шикізатты негізінен Италиядан тасымалдауға мәжбүр.

– Иә, Қазақстанда металлургия бар. Бірақ өндірілетін өнімдер ГОСТ стандартына сәйкес. Ал бізге халықаралық талапқа сай шикізат қажет. Сондықтан шетелдік жеткізушілерге тәуелдіміз. Логистика, кедендік ресімдер қосымша шығын екені айтпаса да түсінікті, — дейді Сәкен Серікқалиұлы.

Мұндай шикізатты өз жерімізде өндіре алмауымызға басты себеп оның мүлде бөлек сала болуында екен.

– Ол үшін металл балқытатын ірі зауыттар қажет, мол инвестиция керек. Қазақстанда темір рудасы бар, бірақ біздің талапқа сай сапа мен стандарт жоқ болып тұр. Сол себепті арнайы қорытпаларды көбінесе Еуропадан, кейде Қытайдан алуға мәжбүрміз. Ал бізге керегі – мұнай-газ саласына қажетті ерекше беріктік пен төзімділікті қамтамасыз ететін арнайы қорытпалар, — деп түсіндірді өндіріс басшысы.

Осылайша, бас директор бізге өндірістің әр қырын шынайы жеткізіп, саладағы нақты ахуалды бүкпесіз айтып берді. Оның әңгімесінен отандық машина жасау саласының мүмкіндігі мен қиындықтарын аңғардық.

Атырауда жасалған!

Бұрын «Атырауда ешқандай өндіріс жоқ» дегенді жиі еститін едік. Компанияның жарнамасыз-ақ шағын кәсібін дөңгелентіп отырғанына куә болып, көңіліміз марқайып қалғаны рас.

Міне, дайын өнімдер сақталған қойма-дүкенге бас сұқтық. Сөрелерде тізіліп тұрған металл бөлшектердің әрқайсысы тұтынушының тапсырысы екен. Менеджер Кирилл Болдыревтің айтуынша, мұнда өнімдер алдын-ала берілген тапсырыс бойынша дайындалады. Сол сәтте шұғыл қоңырау түскен соң, бас директор Сәкен Мұратов жұмыс барысымен таныстыруды өндіріс директоры Әскер Жанғалиевке тапсырды.

Техникалық қауіпсіздік талаптарына сай басымызға каска, үстімізге арнайы жилет киіп, қызу жұмыс жүріп жатқан цехқа ендік. Өндіріс цехында автоматтандырылған станоктар жұмыс істеп тұр. Байқағанымыз, әр станокты бір оператор басқарады.

– Себебі құрылғылар толықтай автоматтандырылған. Ал операторлар көп жылдық тәжірибесі бар, өз ісінің білікті мамандары. Мына таңбалау құрылғысы дайын фланецтерге маркировка салады. Мысалы, мына жерде өндірілген күні көрсетіледі, — деп Әскер Жанғалиев қолындағы бөлшектен «Made in Kazakhstan» деген жазуды көрсетті.

Цех ішіндегі қарбалас тірлік бір сәтке де толастаған жоқ. Станок басында тұрған жұмысшылардың бізге мойын бұратын уақыты да болмады. Десек те әрқайсысының жанына барып, бір-екі ауыз тілдескенді жөн көрдік. Солардың бірі – оператор Жігер Құлмұратов.

– Бұл салада он жылдық тәжірибем бар. Жұмыс ауыр емес, бірақ асқан мұқияттылықты талап етеді. Себебі құрылғылар толық автоматтандырылған. Тапсырысқа байланысты күніне 20-30 дана өнім дайындаймыз, — дейді ол.

Келесі әңгімелескен Азамат Кеңескереев бізге бұранда салу процесін таныстырды.

– Бұранда жасау станогының операторы ретінде әртүрлі диаметрдегі металл шпилькаларға бұранда жасаймыз. Мысалы, қазір 48х48 өлшеміндегі бөлшек дайындалып жатыр. Әр өлшемге сәйкес құбырлар өңделіп, бұранда салынады. Кейін тексеріліп, кесу бөліміне жіберіледі. Осы процестің нәтижесінде шпилька дайын өнім ретінде шығады, — деп түсіндірді ол.

Ал металл кесу учаскесінде бізді тағы бір маңызды процесс күтіп тұрды. Мұндағы таспалы ара станогында Леонид Калашнов жұмыс істейді.

– Бұл – таспалы ара. Металл кесу кезінде қызып кетпес үшін арнайы майлағыш-салқындатқыш сұйықтық қолданылады. Сол арқылы темірдің сапасы сақталады. Процесс автоматтандырылған, тек бақылап, уақытылы сұйықтық құйып тұру қажет, — деп түсіндірді маман.

Цехтың келесі бөлігінде шпильканың ұшына өңдеу жасайтын учаскеге тоқтадық. Бұл жұмысты көп жылдық тәжірибесі бар Мұрат Қожмұқанов атқарады.

– Мұнда шпильканың екі жағын өңдеп, фаска шығарамыз. Кейін маркировка салынады. Бұл салада 45 жыл еңбек еткендіктен ASME стандартын толық меңгеріп алдым. Теңіз, Қашаған, Қарабатан жобаларында жұмыс істедім. Қазір зейнет жасына жақындап қалдым. Отандық өндірісті дамытуға үлес қосамын деген мақсатпен тәжірибемді жастарға үйретіп жүрмін, — деді өндірістегі DIN, BS, ГОСТ, ASME стандарттарын «беске» білетін майталман Мұрат аға.

Цех ішінде заманауи құрылғылармен қатар кеңес дәуірінің көзіндей токарлық станок та бар. Оны «өндірістің антиквариаты» деуге болады. Ал құрылғының «тілін» Мұрат Қожмұқанов түсінеді.

– Бұл станок 2018 жылы модернизациядан өткен. Мұнымен анкерлік болтты жонамыз. Яғни, клиенттің тапсырысымен өлшемге келтіріп жасаймыз. Содан кейін оған бұранда салынады. Бұрын токарьлар қолмен жасайтын еді, қазір техника дамығасын жұмыс жеңілдеді ғой. Бірақ кез-келген станокты басқару үшін де білім мен тәжірибе қажет, — дейді темірден түйін түйген маман.

Мұрат аға токарь мамандығының мәнін де қарапайым тілмен түсіндіріп өтті. Дөңгелек пішінді бұйымдардың бәрін істейтін токарь құбыр, болт, шпилька, гайка тәрізді бөлшектерді де жонып жасайды екен.

Ал, термиялық өңдеу процесін көрсеткен өндіріс директоры Әскер Жанғалиев бізге әр металдың өз ерекшелігі болатынын түсіндірді.

– Мысалы, мырыш-магнийлі жез темір болу үшін қорытпаны арнайы пеште 690 градус температурада қыздырып, термиялық өңдеуден өткіземіз. Бұл металдың қаттылығы мен серпімділігін реттеу үшін қажет. Егер мұндай өңдеу жасалмаса, металл морт сынғыш болып кетеді, — деп түсіндірді жолбасшымыз.

Оның айтуынша, фланецтік қосылыстарда шпилькалардың сапасы аса маңызды. Себебі желіде жоғары қысым болса, барлық күш дәл осы бекітпе элементтеріне түседі. Сондықтан темір тек берік қана емес, белгілі бір деңгейде созылмалы болуы тиіс.

Осылайша, өндіріс ішіндегі әрбір процесс бір-бірімен тығыз байланысып, дайын өнімге айналады. Ал оның артында білікті мамандардың еңбегі мен тәжірибесі тұр.

Темірдің де түрі бар

Цех ішінде әйнекпен оқшауланған арнайы бақылау бөлмесі бар екен. Сырт көзге шағын ғана аумақ болса да, мұнда өндірістегі ең маңызды бағыттардың бірі – цехтағы техникалық қауіпсіздік жіті қадағаланады. Осы жерде біз техникалық қауіпсіздік менеджері Олжас Орынбаевпен тілдестік. Компания құрылған күннен бері еңбек ететін оның былтыр Тәуелсіздік күнінде «Машина жасау саласының үздігі» белгісімен марапатталуы кәсібіне деген адалдығы мен біліктілігінің өтеуі іспетті. Ол әңгімесін қарапайым, бірақ мағынасы терең сөзбен бастады.

– Қарапайым адам үшін бәрі темір ғой. Бірақ оның да түрі бар. Техникалық тұрғыдан, әсіресе ASME стандартына сай L7, L7M түрлері мұнай құбырларында қолданылатын ерекше темір болып саналады. Темір кез-келген адамға көне бермейді. Оның да өз «тілі» бар. Сол «тілді» түсіне білген адам ғана бұл салада ұзаққа барады, — дейді ол.

Маманның айтуынша, өндірісте қолданылатын металдың әрқайсысы жай ғана шикізат емес, күрделі ғылыми-техникалық талаптарға бағынатын материал. Әсіресе мұнай-газ саласында қолданылатын бөлшектерге қойылатын талап тіптен жоғары.

– Мысалы, біз қолданатын L7 маркалы болат бар. Оның химиялық құрамы, беріктігі мен төзімділігі стандартқа сай болуы керек. Бұл материал бастапқы күйінде бір қасиетке ие болса, өндірістегі ең жауапты процестердің бірі – термиялық өңдеуден кейін мүлде басқа сипат алады. Өйткені, арнайы пештерде шамамен 690 градус температурада бірнеше сағат бойы ұсталған металл кәдімгідей қып-қызыл шоққа айналады. Үш сағат бойы жоғары температурада тұрып, кейін біртіндеп суытылады. Осы процестен кейін оның ішкі құрылымы өзгереді. Нәтижесінде біз бұрынғыдан әлдеқайда берік, серпімді, суыққа төзімді материал аламыз, — деп түсіндірді Олжас.

Менеджердің айтуынша, мұндай өңдеуден өткен болат экстремалды климатта да өзінің қасиетін жоғалтпайды. Мәселен, батыс өңірге тән –30-40 градус аязда қарапайым металл морт сынып кетуі мүмкін. Ал арнайы өңделген болат керісінше, белгілі бір деңгейде созылып, қайта қалпына келе алады.

– Бұл қасиет өте маңызды. Себебі мұнай-газ саласында жұмыс істейтін құбырлар мен қосылыстар үнемі жоғары қысымда болады. Фланецтер, шпилькалар, анкерлік болттар үлкен жүктемені ұстап тұрады. Егер материал дұрыс таңдалмаса немесе сапасыз болса, ол қысымға шыдамай, апатқа ұрындыруы мүмкін, — дейді сала үздігі.

Ол бұл жерде тек технология емес, адами фактордың да ролі зор екенін ерекше атап өтті.

– Кейде «темір болса болды» деп ойлайтындар бар. Бірақ бұл қате түсінік. Әр бөлшек нақты есеппен, стандартпен жасалуы тиіс. Қай жерде қандай материал қолданылатынын тек білікті маман ғана біледі. Бұл жерде қателесуге болмайды, — дейді ол.

Агрессивті өндірістік орта да металл сапасына ерекше талап қояды екен. Мұнай құрамындағы күкірт, басқа да химиялық элементтер қарапайым темірді тез «жеп» қояды. Сондықтан арнайы қорғаныш қабаттары қолданылады. Мысалы, никель негізіндегі антикоррозиялық жабындар бар. Олар металды сыртқы әсерден қорғайды. Мұндай материалдар өте қымбат, бірақ сапа мен қауіпсіздік үшін қажет.

Маманның айтуынша, әрбір металдың өз «мінезі» мен ерекшелігі бар. Бірі қатты, бірақ морт келеді, енді бірі жұмсақ, бірақ төзімді. Сондықтан өндірісте материал таңдау зор жауапкершілік пен білімді талап ететін процесс.

– Әр материалдың өз маркасы мен құрамы бар. Оны тек арнайы білімді, тәжірибесі бар мамандар ғана ажырата алады. Бұл өндіріс ғылым мен тәжірибенің тоғысқан жері, — деп түйіндеді сөзін Олжас Орынбаев.

Оның сөзінен өндірістегі әр детальдың артында жауапкершілік тұрғанын, ал қауіпсіздік жай талап емес, адам өмірімен тікелей байланысты ұғым екенін анық аңғаруға болады.

ТҮЙІН. Демек, бұл – Президенттің былтырғы Жолдауындағы «Өндіріс – экономиканың өзегі» деген сөзінің іс жүзінде жүзеге асып жатқанына дәлел. Машина жасау саласының болашағы мамандардың білімінде, тәжірибесі мен технологиялық жаңашылдықта екені белгілі. «Еңбек түбі – береке» демекші, әрбір металл бөлшектің артында білікті маманның шынайы еңбегі бар. Ал жұмысшының еңбегі қоғамда насихаттауға, оқырманға көрсетуге тұрарлық.

Майра ЕРҒАЛИ

Яндекс.Метрика